|
Scritto da Administrator
|
|
lunedì 20 luglio 2009 |
 Италия кәсіпкерлері қазақстандық әріптестерімен тығыз жұмыс жасауға ниетті. Бүгінгі таңда 8 ірі италиялық компания біздің елімізде бірлескен кәсіпорын ашып, зауыттарын тұрғызуға дайын отыр. Олардың қатарында әлемге өз тоңазытқыштары мен кір жуғыш мәшинелерімен танылған “Candy Spa” және шыны-әйнектерден жасалған құрылыс материалдарынан бастап, ыдыстар, әшекей бұйымдарын шығаратын “Tenova Spa” секілді ірі компаниялар бар.
“Атамекен” Одағының орталық кеңсесінде палата төрағасы Азат Перуашев және Қазақстан-Италия Экономикалық палатасының атқарушы президенті Марко Граната өзара ынтымақтастық хаттамасына қол қою рәсімі барысында осы ақпараттарды мәлім етті.
Бекітілген құжат арқылы тараптар, қазақстандық және италиялық бизнес өкілдері арасында өзара тиімді келіссөздерді жүргізуге негіз болып, бірлескен кәсіпорындар ашу үшін барлық қолайлы жағдайды жасауға келісті.
Бүгінгі таңда түрлі салада қызмет ететін 8 мыңнан астам компанияның басын біріктірген “Қазақстан-Италия Сауда палатасы” соңғы 4 жылдан бері екі елдің бизнесі арасын барынша жақындастыру ісін жүргізіп, жетілдіріп келеді. Өзінің Қазақстандағы сенімді әріптесі ретінде аталған сауда палатасы “Атамекен” Одағына ерекше үміт артады. Алғашқы қадам – бүгінгі хаттаманың бекітілуі бірқатар түйінді мәселелерді шешуге сеп болмақ. Бұдан былай қос елдің қос палатасы бірлесіп, ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене кіріспек. Алдымен қазақ жерінде жұмысын бастауға ниеттеніп отырған сегіз компания бойынша нақты жұмыстар басталады.
Сонымен қатар, Италия және Қазақстан бизнес өкілдерінің тиімді жұмыс жасауы үшін елімізде кеңес беретін, заңнамалық көмек және тіл мәселесімен айналысатын сервистік орталық ашу жоспарланды.
|
|
Ultimo aggiornamento ( martedì 21 luglio 2009 )
|